Туысын лагерьден босатуды сұрап жүрген тағы бір кейіпкеріміз — Арай. Оның әке-шешесі Қытайда туып-өскен, 1950 жылдары өзге елге қоныс аударған.
Арай өзінің жазықсыз бауыры Азат Сайлаубек қамаудан босатылсын дейді. Азаттың лагерьде отырған мыңдаған тұтқыннан айырмашылығы — ол Қазақстан азаматы. Бірақ бұған қарамастан төрт жыл бұрын Қытай сақшылары оны кеденде жүрген жерінен желкелеп алып кеткен. Содан бері Азаттан еш хабар жоқ.
Арайдың кінәсіз бауыры туралы әңгімесі — Қытай қазақтарынан келіп жатқан жанайқайға толы хикаялардың бірі ғана. Қытай билігі Шыңжаңдағы мұсылман жұртты қудалап, лагерьге қамап жатқаны туралы хабар келіп жатқанына, міне, төрт жыл болды.
Қытай билігі неліктен өзге елге қатысы барлардан сескенеді? Лагерьге қазақтар да қамалған болса, біздің билік неге үнсіз отыр? Masa.media Шыңжаң лагерьлерінде нақты не болып жатқанын, қазақтар сонда қалған туыстарын босату үшін қалай күресіп жүргенін айтатын «Бауырым» подкасын дайындады.
Кейіпкерлердің қауіпсіздігі үшін олардың аты-жөні мен кейбір деректі өзгерттік.